Павлодар қоймаларында 50 мың тонна картоп пен 30 мың тонна сәбіз сақталып тұр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Аталған көлем облыс халқының күзге дейінгі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Өңірде картоптың көтерме бағасы килограмына – 115-130 теңге, ал сәбіздікі 130-150 теңге аралығында сақталып отыр.
Қазіргі уақытта облыста жалпы сыйымдылығы 550,9 мың тоннаны құрайтын көкөніс сақтау қоймалары жұмыс істейді. Соның ішінде 133 қойма (483,8 мың тонна) заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұдан бөлек, 13 қойма (58 мың тонна) арнайы тоңазытқыш қондырғыларымен қамтамасыз етілген. Жалпы алғанда, сақтау инфрақұрылымы жеткілікті деңгейде дамыған.
– Былтыр Павлодар облысында 711,5 мың тонна картоп, 146,6 мың тонна сәбіз жиналған болатын. Өңір тұрғындарының картоп бойынша жылдық қажеттілігі 75,4 мың тонна екенін ескерсек, қамтамасыз ету деңгейі қажеттіліктен 11 есе жоғары. Сәбізге деген жылдық қажеттілік 17,3 мың тонна болса, қамтамасыз етілуі 10 есе көп. Артық өнім сыртқа сатылады. 2025 жылы облыс шаруалары 183,4 мың тонна картопты Өзбекстан, Ресей, Түркіменстан және Тәжікстан елдеріне экспорттады. Сондай-ақ Өзбекстан, Ресей және Қырғызстан бағыттарына 24,5 мың тонна сәбіз жөнелтілді. Ал жыл басынан сыртқа 36,7 мың тонна картоп пен 4,6 мың тонна сәбіз жіберілген. Бұл көрсеткіштер өңірдің экспорттық әлеуетінің жоғары екенін байқатып отыр, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев.
Басқарма дерегінше, қазіргі уақытта жергілікті көкөніс сақтау қоймаларында 50,4 мың тонна картоп пен 30 мың тонна сәбіз сақталып тұр. Мамандар аталған көлем облыс халқының жаңа өнім алынғанға дейінгі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті екенін айтады.
Облыста аталған өнімдер бойынша көтерме бағалар тұрақты деңгейде сақталып тұрғаны байқалған. Картоптың бағасы килограмына 115-130 теңге аралығында болса, сәбіз – 130-150 теңге.
Атап өтерлігі, алдағы егіс науқанында тұқымға 60,9 мың тонна картоп қажет. Аталған көлем қазірдің өзінде дайын тұр. Ал сәбіз тұқымы көктемгі егіс жұмыстарының көлеміне қарай сатып алынады.
Бұған дейін Ертіс бойының фермерлері сәбіз экспортына шектеу енгізбеуді сұраған еді.