Павлодар қымызы Қытай нарығында саудаланбақ

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодардың қымызы мен құртының бірінші легі Қытайға жөнелтілді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне «Сағып» шаруа қожалығының иесі Төлеу Құшманова айтты.

Павлодар қымызы Қытай нарығында саудаланбақ

«Біздің делдал қытайда тұрады, журналист болып қызмет етеді. Ол Павлодарда болып, біздің шаруашылықпен танысты. Өнімнің бірінші партиясын сертификацияға апарды. Дүкендерден 180 келі құрт пен 300 литр қымызға сұраныс түсті. Біртіндеп жаңа нарықты игеріп жатырмыз. Мақсатымыз өзімізді өзгелерге таныстыру, қымызды қазақстандық бренд қылу», - дейді кәсіпкер.

«Көп жоспарымыз бар, - деді Төлеу. - Құрт өндірісін арттырамыз. Қазір күніне 20-30 келі құрт өндіріледі, оны 200-300 келіге жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл үшін сүтті ірі қараның санын арттыру қажет, ең кемі тағы жүз ірі қара сатып алу керек. Биелердің санын да көбейткен жөн. Қымызға деген сұраныс көп. Қараша айынан Астананың сегіз ірі супермаркеті біздің өнімді алып жатыр».

«Сағып» ШҚ иесінің сөзіне қарағанда, қымызды Павлодар қаласындағы ірі супермаркеттер мен 25 шағын дүкен де сатып алады екен.

Осыған дейін мәскеуліктер де павлодарлық қымыздың дәмін татып үлгерген.

«Әзірге 300 литрден қымыз жібереміз. Оны пойызбен жеткіземіз. Алайда пойыздың қозғалысынан өнім сәл төгіледі. Сондықтан қаптаманы өзгерту ұсынысы келіп түсті. Мәскеудегі серіктестеріміз - «Бауырсақ» сауда желісі, олар қазақстандық өнімді ғана сатады. Бізге сұраныс келіп түседі, өнімді пойызбен жібереміз, ұшақпен жөнелткен кездеріміз де болды», - деді ол.

Жуырда, белгілі болғандай, павлодарлық нәзік жанды кәсіпкер Төлеу Құшманова 8 наурыз мерекесіне орай ҚР Президентінің қабылдауына шақыру алған.

«Бұл мен үшін үлкен қуаныш, - деді ол. - Бұл мен үшін ерекше 8 наурыз болмақ. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен екінші рет кездеспекпін. 2014 жылы болған бірінші кездесуде оған павлодардық қымыз Қазақстанның ұлттық брендіне айналады және біз экспортқа шығамыз деп сөз бергенмін. Екінші кездесуімде уәдемді орындағанымды айтамын».

Еске сала кетейік, павлодарлық іскер әйел Төлеу Құшманова 2007 жылы өз ісін ашпақ болды. Ол кезде оның шаруашылығында үш бие ғана болды. 2011 жылдан «Сағып» ШҚ бөтелкеге құйылған қымызды шығара бастады. Жоба «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы жүзеге асты. Қазір шаруашылықта шамамен 400 жылқы бар, оның 180-і сауылады. Фермада 26 жұмысшы жұмыс істейді. Павлодарлық қымыз Қазақстандағы және шетелдердегі түрлі көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысады. «Сағып» шаруашылығы Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің «Қараөткел жәрменкесі-2012» байқау-жәрмеңкесіндегі жеңімпаздардың бірі болды.

Өткен жылы ШҚ Мәскеудегі қазақстандық өнім көрмесіне қатысты, кейін павлодарлық қымыздан Италиядағы ЕXPO Milano-2015 қатысушылары дәм тата алды.