Павлодар мемлекеттік университетінің студенті «Тіл шебері» атты бірінші республикалық байқаудың гран-при жүлдесіне ие болды
ПАВЛОДАР. 16 тамыз. ҚазАқпарат - Павлодарда үш тілдің білімпаздары арасында өткен «Тіл шебері» атты бірінгші республикалық байқау аяқталды, деп хабарлады тілдерді дамыту басқармасынан.
Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Бекзат Смағұлов гран-при жүлдесіне ие болып, жеңімпаз атанды.
Зияткерлік сайысқа Ертістегі қалаға республиканың 16 облысы мен қалаларынан 18-30 жас аралығындағы бірнеше тілді меңгерген талапты жастар келді.
«Достық» концерттік залында өткен қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгеру сайысы жарқын әсерлі шоуға айналды - байқау қатысушыларын жанкүйерлері белсенді қолдады. Байқауға қатысушылардың білім деңгейін құрамына республикадағы ЖОО-ның ғалымдары кірген қазылар алқасы бағалады.
Байқау жүлдегерлерінің арасында - БҚО-дағы мұнай және газ колледжінің студенті Наурызбек Мегетов, ШҚО-ның мемлекеттік қызметкері Аяужан Әметова және Ақмола облысындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жұмыс істейтін Алена Герасимова бар. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге марапаттарды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тілдер комитетінің төрағасы Мақсат Ысқақов тапсырды.