Павлодар облысы 2027 жылға қарай республикалық субвенцияларды алудан бас тартады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірі қаржылық дербестікке қол жеткізуді және алдағы уақытта донор-аймақ мәртебесін алуды жоспарлап отыр.
Бұл туралы Павлодар облыстық әкімдігінен хабарланды.
- Өңірге тартылған инвестициялар мен жаңа серпінді өндірістердің іске қосылуының арқасында Павлодар облысы 2027 жылға қарай республикалық субвенцияларды алудан бас тартып, қаржылық дербестікке қол жеткізуді және алдағы уақытта донор-аймақ мәртебесін алуды жоспарлап отыр, - деп мәлімдеді әкімдіктен.
Ал Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлеміне қатысты заң жобасын таныстыру барысында бұл 2028 жылы мүмкін болады деген болжам айтты.
«2028 жылы Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз етеді, ал Маңғыстау облысы қайтадан донор болады», – деді ол.
Бұл өңірлік салық базасының өзгеруімен, өнеркәсіп пен инвестиция көлемдерінің артуымен байланысты. Аймақтар арасындағы бюджеттік теңгерімді қайта бөлу – экономикалық та, саяси да салмақты қадам.
Бұған дейін Павлодардың қоғамдық көлік саласы қанша субсидия иеленіп отырғанын жазғанбыз.