Павлодар облысында 3 мыңға жуық адам ЖИТС жұқтырған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар облысында 2000 жылдары ЖИТС жұқтырғандардың дені 18-30 жас аралығы болса, қазіргі уақытта 30-49 жасты құрап отыр.

Павлодар облысында 3 мыңға жуық адам ЖИТС жұқтырған
Фото: Рexels.com

ЖИТС инфекциясын жұқтырған аналардан осы уақытқа дейін 500-ге жуық сәби дүниеге келген. Аналарынан ауруды жұқтырып алғандар саны – 22 бала. Яғни қазір облыста 15 жасқа дейін 22 бала есепте тұр.

– Өңір бойынша 2862 адам ЖИТС инфекциясымен өмір сүріп жатыр. Әр жыл сайын шамамен 235-240 адам бұл қауіпті инфекцияны жұқтырып отыр. Жыл басынан 30 адамда анықталды. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда статистика төмендеген. Егер науқас антиретровирустық терапияны қабылдаса, қалыпты әрі ұзақ өмір сүре алады, – дейді облыстық АИТВ орталығы басшысының орынбасары Бақыт Жанахметова.

Бұған дейін АИТВ дертіне шалдыққандар қалай өмір сүріп жатқаны туралы жаздық.