Павлодар облысында ауылдық ауруханада сумен жабдықтау бағасы заңсыз көтерілгені анықталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Прокурорлық тексеру нәтижесінде сумен жабдықтайтын кәсіпорын басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тарифтік саясат заң талаптарына сәйкестендірілді.
Ертіс ауданының прокуратурасы табиғи монополиялар саласындағы заңнаманың сақталуын тексеру барысында «Ертіс-ауызсу» ШЖҚ КМК қызметінде тарифтік саясат, азаматтардың еңбек құқықтары және салық заңнамасы бойынша елеулі заң бұзушылықтарды анықтаған.
— Кәсіпорын тарапынан денсаулық сақтау нысанына қатысты сумен жабдықтау қызметтеріне негізсіз жоғары тарифтер қолданылғаны анықталды. Екінші топтағы тұтынушыларға арналған тарифтің орнына ауруханаға бюджет ұйымдары үшін белгіленген тариф қолданылған. Бұл табиғи монополиялар саласындағы тарифтерді қалыптастыру және баға белгілеу қағидаларының талаптарына қайшы келеді, — деп хабарлады өңірлік прокуратурадан.
Тексеру нәтижесінде кәсіпорын басшысы әкімшілік жауаптылыққа тартылған.
Бұдан бөлек, кәсіпорын 21 млн теңге көлеміндегі салық берешегін өтеді, сондай-ақ прокурорлық қадағалау актісі бойынша 31 қызметкерге 3,6 млн теңге мөлшерінде еңбекақы төленді.
Еске сала кетейік, Ақтөбенің прокурорлары 3,2 млрд теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына тосқауыл болды.