Павлодар облысында биыл қырылған киіктердің саны үш есе көп

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірінде жыл басынан 664 киіктің өлексесі табылып, жойылған. Оларды жинап, жою жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

киік
Фото: pexels

Әлеуметтік желіде Павлодар облысының Абай облысымен шектесетін тұсында жүздеген киіктің өлекселері жатқаны туралы видео тарады.

Видеоны түсіруші адамның сөзінше, жануарлардың өлексесі көп уақыттан бері жатып қалғаны байқалады. Бұл табиғи үдеріс болуы мүмкін деп болжайды автор.

Kazinform тілшісі киіктердің неден қырылғанын анықтап көрді.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Павлодар облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Арман Мұқатаевтың айтуынша, бұл табиғи реттелудің көрінісі.

- Соңғы жылдары аймағымызда киік санының тұрақты түрде көбеюі байқалып отыр. Желтоқсан айының ортасынан бастап киіктерде шағылысу кезеңі өтеді. Аталықтың жасы неғұрлым үлкен болса, оның шағылысатын ұрғашы ешкілерінің саны соғұрлым көп болады.

Соған байланысты текесі көп энергия жұмсап, «күйіп кетуі» мүмкін. Олардың дені кейін өліп қалады. Бұл жас аталықтардың өсіп-өнуіне жағдай тудыратын табиғи үрдіс. Баянауыл және Май аудандарының далалы жерлерінен жиналып жатқан өлекселер сол қыста қырылған аталық киіктерге тиесілі, - деп түсіндірді маман.

Ғалымдардың тұжырымы бойынша жыл сайын киіктердің шамамен 10 пайызы табиғи түрде өліп, киік табындарының саны реттеліп отырады. Былтыр Павлодар облысы аумағынан шамамен 200-ден астам киік өлекселері табылса, биыл 664 өлексе анықталған. 

- Киік санының артуына байланысты жабайы жануарлардың қырылу үдерісі де жоғары болатыны мәлім. Облыста киік саны молая түскенін ескерсек, табиғи түрде өлгендерінің қатары да арта беретіні түсінікті. Өлекселер жергілікті әкімдіктердің күшімен жиналып, мал қорымдарындағы арнайы қазылған шұңқырларда өртеліп жойылады. Биыл ақпан, наурыз айларынан бастап жинала бастады. Біздің мекеме мен «Охотзоопром» ұйымы аталған жұмыстарды бақылайды, - деп қосты инспекция өкілі.

Еске сала кетейік, ел аумағында 17 мыңнан астам киік өлексесі жойылды.