Павлодар облысында мал ұрлығымен айналысқан үш қылмыстық топ құрықталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жыл басынан өңірде 322 бас мал ұрланған. Қолды болған үй жануарларының 142-сі иелеріне қайтарылған.
Полицейлердің айтуынша, мал ұрлығы ауылдық жерлерде кең таралған қылмыстардың бірі болып отыр. Қылмыскерлер көбіне топ болып әрекет етіп, ауыл тұрғындарына елеулі материалдық шығын келтіреді. Қылмыстың бұл түрі әсіресе суық түскен кезде жиілейді.
- Жыл басынан бері Павлодар облысы аумағында 34 мал ұрлығы тіркеліп, 322 бас мал ұрланған. Қылмыстық әрекетке жол берген 20 адам және 3 қылмыстық топ ұсталды. 142 бас мал табылып, иелеріне қайтарылды, - деп хабарлады өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Көптеген елді мекенде бақташы жоқ. Қараусыз жүрген төрт түлікті қаскүнемдер өздерінің арам пиғылына пайдаланады. Ал мал иелері түліктің жоғалғаны туралы полицияға кеш хабарлауы да қылмыстың жылдам ашылуына мүмкіндік бермейді. Статистикаға сүйенсек, жоғалған малдардың барлығы қараусыз жайылымдарда ұрланған.
Тәртіп сақшылары қазіргі уақытта заңсыз сойылған мал еті саудалануы мүмкін базарларды бақылауды күшейте түсті.
Бұған дейін ШҚО-да полиция мал ұрлығына қатысы бар топты құрықтағанын жазғанбыз.