Павлодар облысында мас күйінде көлік жүргізген шенеунік жұмыстан шығарылады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Екібастұз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Айдын Қояғанов ішімдік ішіп, көлік жүргізген. Полицейлер оны мас күйінде көлік айдаған сәтінде ұстаған.

Павлодар облысында мас күйінде көлік жүргізген шенеунік жұмыстан шығарылады
Фото: Артем Викторов/Kazinform

Шенеунік өткен жылдың желтоқсан айында Екібастұздағы тұрғын үйдің ауласында мас күйінде көлік жүргізген. Полицейлер оны тексеру үшін тоқтатып, кейін бойында алкогольдің буы бар екенін көрсеткен медициналық тексеруге жөнелткен. Сот шешімімен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары 15 тәулікке қамауға алынып, көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айрылды.

Бұл оқиға тәртіптік істі қарауға себепші болған. Өңірлік мемлекеттік қызмет істері департаментінің қызметкерлері тиісті материалдарын жинап, Әдеп жөніндегі кеңестің қарауына шығарған.

— Бұл күні үйде баламның дене қызуы көтерілген еді. Дәріханаға шұғыл барғым келді, такси шақыра алмаған соң дереу көлікпен барып келу керек болды. Бұған дейін мен іс-шарада болдым әрі инспекторлар мені үйімнің ауласындағы тұрақта тоқтатты, — деп түсіндірді жағдайды Айдын Қояғанов.

Мемлекеттік қызметші қатесін мойындап, жұмыстан шығармауды өтінді. Алайда Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері басқадай шешім қабылдау мүмкін емес деп ұйғарып, шенеунікті лауазымынан айыруды ұсынды.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысы әкімінің әпкесі мас күйінде көлік жүргізгені үшін жазаланғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар