Павлодар облысында маусым айы ыстық әрі жаңбырлы болады деп күтіледі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Маусым айында ауа температурасының көтерілуі одан әрі жалғасады. Ай бойы түсетін жауын-мөлшері нормаға сай болады.

Павлодар облысында маусым айы ыстық әрі жаңбырлы болады деп күтіледі
Фото: tournavigator.pro

«Қазгидромет» РМК Павлодар филиалының мамандары маусым айында ауа температурасы норма шегінде болатынын хабарлады. Орташа айлық температура +19… +21 °С градус мөлшерінде сақталады.

Маусымның басында күндіз ауа температурасы +16… +21 °С –тан +22… +27 °С- қа дейін күрт көтеріледі деп күтілуде. Екінші онкүндіктің басында күндіз +22… +27 °С –тан, +31… +36 °С –қа дейін ысиды. Ал айдың соңында ауа температурасы +33… +38 °С дейін көтерілуі мүмкін.

— Ай бойы найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жиі жауады деп күтіліп отыр. Найзағай кезінде желдің екпіні 15-20 метрге күшейіп, жекелеген аудандарда бұршақ жаууы ықтимал. Экстремалды мәндер туралы айтатын болсақ, маусым айындағы ең жоғары температура + 41 °С 1988 жылы тіркелген. Ал ең төменгісі — 2 °С үсік, 1971 жылы байқалған, — дейді  «Қазгидромет» РМК Павлодар филиалының ауа райын болжау бөлімінің басшысы Ирина Анохина.

Мамандар ауа температурасы ай бойы құбылып тұратынын айтады. Жауын-шашынға байланысты температура кейде күрт төмендеуі ықтимал. Ал жауын-шашын айлық норма шамасында болады.

Еске сала кетейік, Павлодарда суға түсу маусымына дайындық басталды.