Павлодар облысында онлайн-казиноны жарнамалайтын 700-ден астам сайт бұғатталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Соңғы екі жылда өңірлік экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары ойын бизнесі мен лотереяларды реттеу саласында 12 әкімшілік іс қозғаған.

Компьютер, социальные сети, работа
Фото: freepik.com

Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ғалиасқар Қасымовтың дерегінше, 2024 жылдан бері өңірде онлайн-казиноларды насихаттап келген 700-ден астам сайт бұғатталған.

- Бүгінгі таңда заңсыз құмар ойындарға қатысты кез келген жарнама түріне, соның ішінде әлеуметтік желілерде де тыйым салынған. Бұған дейін заңсыз бизнес ұйымдастырушылары онлайн-ойындарды реттеудің нақты тетіктері болмауын, яғни заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, жауапкершіліктен жалтарып кететін. 2024 жылы енгізілген жаңа түзетулер ойын қызметінің барлық аспектілеріне бақылауды күшейте отырып, бұл олқылықтарды жойды, - дейді департамент өкілі.

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін салынатын айыппұлдар мөлшері екі еседен астам, яғни 2 мың АЕК-ке немесе шамамен 7,9 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ заңсыз бизнеске қатысатын ұйымдасқан қылмыстық топтар үшін ең жоғары жаза мерзімі 7 жылға дейін ұзартылған.

Еске сала кетейік, елдегі ұялы байланыс операторлары заңсыз ойын бизнесіндегі қаржы ағындарын бақылауға алды.