Павлодар облысында шегірткеге қарсы күреске 90 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңірде жалпы аумағы 48 мың гектар жер зиянкестерге қарсы өңделеді. Негізгі жұмыстар маусым айына жоспарланған.

жер жырту, егістік, ауыл шаруашылығы техникасы
Фото: ҚР Үкіметі

Павлодар билігі шегірткеге қарсы іс-шараларға 89,5 млн теңге шығындамақ ойы бар. Улау жұмыстарына 10-нан аса арнайы техника жұмылдырылады.

- 2025 жылы шегірткенің үйірлі және саяқ түрлеріне қарсы күрес аясында облыс аумағының 48,3 мың гектар аумағын, оның ішінде 19,6 мың гектарды шегірткенің италиялық прус түріне қарсы өңдеу жоспарланған. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 39,6 млн теңге және жергілікті бюджеттен 49,9 млн теңге бөлінді. Жұмыстың белсенді кезеңі маусым айында басталады және 10-нан астам мамандандырылған техника тартылады,-деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Аймақта қазір шыбын-шіркейге қарсы ауқымды дезинсекциялық іс-шаралар жалғасуда. Ертістің жайылма алқабы мен ауылдық аумақтарын қоса алғанда, 172 мың гектар әуеден өңделеді. Улау шараларына заманауи, экологиялық таза және жоғары тиімді препараттар қолданылуда.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарда ауыл тұрғындарын сары маса мен шіркей талап жатқаны туралы жазған болатынбыз.

Ғалым Павлодардың кейбір ауылдарында шыбын-шіркейдің не себепті қаптап кеткенін түсіндірді.

 

Соңғы жаңалықтар