Павлодар облысында спорт нысандарын заңсыз пайдаланылып, бюджетке миллиондаған шығын келтірілген

АСТАНА. KAZINFORM – Павлодардың спорт мектептерінде ұрлық пен жалған төлемдер анықталды. 

бассейн, утонул
Фото: Айгерім Амантаева / Kazinform

Прокуратура өңірдегі спорт нысандарын стадиондар, бассейндер, спорт мектептері, мұзайдындары мен футбол манеждерін тексерді.

Спорттық құрылыстардың заңсыз түрде жеке тұлғалардың иелігіне берілгені анықталды. Аталған нысандар коммерциялық мақсатта пайдаланылып, жалдау ақысы төленбеген.

Мысалы, Павлодар қаласында хоккей корты үш жыл бойы тегін пайдаланылып, ал коммуналдық шығын бюджет қаражаты есебінен өтелген.

— Спорт мектептерінің қызметінде 10 млн теңге сомасына ұрлық және жалған төлемдер фактілері анықталды. Атап айтқанда, бір ауданда бухгалтер үш жыл ішінде өзіне заңсыз түрде шамамен 6 млн теңге аударған. ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс сотта қаралып жатыр, — делінген хабарламада.

Спорт ұйымдарында жалған дипломдары бар жаттықтырушылар, сондай-ақ бұрын халық денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыс үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған қызметкерлердің жұмыс істегені анықталды.

— Спортшыларды жоқ қонақүйлерге орналастыру бойынша жалған шарттар жасалған. Оның салдарынан келтірілген залал 2,8 млн теңге болды, — делінген прокуратура хабарламасында.

Тексеру нәтижелері спорт нысандарының басым бөлігінің тозған күйде екенін көрсетті: трибуналар қираған, шатырдан су ағып тұр, мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасалмаған, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай емес.

Аталған барлық заң бұзу бойынша оларды жою және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту мақсатында қадағалау актілері енгізілді. 

 

Соңғы жаңалықтар