Павлодар облысында жылына 35 мың тонна өнім шығаратын май зауыты ашылды
АСТАНА.KAZINFORM — Павлодар облысының Павлодар ауданындағы Кеменгер ауылында «KEMENGER MAY» серіктестігінің май өңдеу зауыты жұмысын бастады. Кәсіпорын күнбағыс тұқымынан табиғи күйдегі май өндіруге және майлы дақылдарды терең өңдеуге маманданған. Бұл туралы АШМ мәлім етті.
Жаңа өндіріс нысаны өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі маңызды инвестициялық жоба саналады. Кәсіпорынды іске қосу жұмыстары 2025–2026 жылдары жүргізіліп, жобаға жалпы көлемі 2 млрд теңге инвестиция тартылған.
— Зауыт заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл шикізатты тиімді өңдеуге және нарық талаптарына сай сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 60 мың тоннаға дейін шикізатты өңдеуге және 35 мың тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы, — делінген хабарламада.
Өнім ішкі нарықпен қатар, шетелдік нарықтарға да экспортталатын болады.
Айта кетейік, бұған дейін алғаш рет Ақтау портынан рапс майының экспорттық партиясы сәтті жөнелтілгенін жаздық.