Павлодар облысында жылу құбырларын жаңартуға 31,9 млрд теңге бөлінеді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңір бойынша жылу жеткізетін жүйелердің 79,7%-ы тозып тұр. Қазына қаражаты есебінен биыл 30 км жылу құбыры жаңартылуы керек.

жылу құбыры
Фото: Валерий Бугаев

Ертіс-Баян өңіріндегі үш қалада – Павлодар, Екібастұз және Ақсуда жылу желілері мейлінше тозып тұр. Қазына қаражаты есебінен жыл сайын там-тұмдап жөндеу жүргізілгенімен жеке фирмалар мен тұлғалар жүйенің жағдайына аса бас қатырмайды. Тозудың жыл сайын ұлғаюына бұл да үлкен себепкер. Соңғы үш жылда Павлодар қаласындағы кең ауқымды жаңарту жұмыстарына қарамастан тозу көрсеткіші небәрі 7 %-ға ғана жақсарған (2022 жылы – 89 пайыз).

жылу құбыры
Фото: Валерий Бугаев

Аймақтағы жылумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 1438 километрді құраса, басым бөлігі Павлодар қаласына тиесілі - 828,1 км.

Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, ең күрделі мәселе Екібастұз қаласында – жылумен жабдықтау желілерінің жалпы тозуы-79,7%. Павлодар қаласында бұл көрсеткіш - 81,8% болса, Ақсуда 54,5%-ды құрап отыр. Ал су жеткізетін құбырлардың тозуы - 47,1%. Бұл ретте жаңартуды ең көп қажет ететіні – облыс орталығы, мұндағы су құбырларының 70,2 пайызы көнеріп кеткен.

жылу құбыры
Фото: Валерий Бугаев

- 2025 жылы жалпы ұзындығы 30 км жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту және салу бойынша 8 жобаға жобалау-сметалық құжаттамасы бар. Жобаларды іске асыру үшін 31,9 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде Павлодар қаласы бойынша 15,1 млрд теңге сомасына жылумен жабдықтау желілерін (12 км) салу және қайта жаңарту бойынша 3 жоба, Екібастұз бойынша 11,3 млрд теңгеге 3 жоба (5,5 км), Ақсу бойынша 5,5 млрд теңге сомасына 2 жоба (12,5 км). Сондай-ақ, сумен жабдықтау бойынша 4,5 млрд теңге сомасына 2,4 км желіні қайта жаңарту бойынша 5 жобаға жобалау-сметалық құжаттамасы бар,-деп жауап берді Kazinform тілшісіне өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының Ержан Иманзайыпов.

жылу құбыры
Фото: Валерий Бугаев

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 27 қарашасында Екібастұз ЖЭО-сында апат болып, қала тұрғындары қатты аязда жылусыз қалған еді. 

Ал өткен жылдың желтоқсан айында Ақсудың жылу жүйесінде апат болып, үйлерде жылу төмендеп кетті. 

Былтыр ҚР Үкіметі Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жылу желілерін салуға 9 млрд теңге бөлді. 

жылу құбыры
Фото: Валерий Бугаев
жылу құбыры
Фото: Валерий Бугаев

 

 

Соңғы жаңалықтар