Павлодар облысындағы ең ірі астықты ауданға жаңа әкім тағайындалды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Нығман Жүсіпов Ертіс ауданының әкімі болып тағайындалды. Жаңа басшы аудан активінің отырысында таныстырылды.

Нығман Жүсіпов
Фото: Валерий Бугаев

 Меритократия қағидаты бойынша және ҚР Президенті Әкімшілігінің, аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен, өңір басшысының өкімімен Нығман Жүсіпов Ертіс ауданының әкімі болып тағайындалды.

Нығман Мүтәләпұлы 1978 жылы 12 қарашада Ертіс ауданының Северное ауылында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын туған ауданында тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. Мемлекеттік қызмет өтілі 10 жылдан асады. 2020 жылдан бастап Ертіс ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Облыс басшысы Асайын Байханов жаңадан тағайындалған әкімнің алдына бірқатар міндеттер қойды.

Асайын Байханов
Фото: Валерий Бугаев

— Суармалы жерлердің көлемін одан әрі ұлғайту бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Ол үшін сізде үш жақсы жоба бар: «Ертіс», «Три К», «Санжар». Агроөнеркәсіптік кешенге тартылған инвестициялар көлемі бойынша аудан 2-орында. Инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырамын, — деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, келесі жылы «Западное» ШҚ ет өңдеу кешенін және Ертіс ауылындағы сауда орталығын пайдалануға беру қажет. «Ауыл — ел бесігі» жобалары, 40,7 км жолды асфальттау бойынша жұмыстардың сапасы және ауданның шалғайдағы 9 ауылында интернетке қол жеткізу мәселелерін шешу тұрақты бақылауда тұр.

— Айтып өтейік, Ертіс ауданы — егіс алқаптары бойынша облыстағы көшбасшылардың бірі. Ауданда 3 облыстық және 6 кірме жол, 17 көше асфальтталды, 3 су құбыры салынды, Қостомар ауылындағы көпір жөнделіп, баалалар музыка мектебі мен 3 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті, Ертіс аудан орталығында спорт кешені салынды, 10-нан астам балалар мен футбол алаңдары жабдықталды. Сондықтан, Болатбек Кәрімұлы жаңа лауазымда жоғары жұмыс деңгейін көрсететініне сенімдімін, — деді облыс әкімі.

Еске сала кетейік, Ертіс ауданын бұған дейін басқарып келген Болатбек Шәріпов Ақсу қаласының әкімі болып тағайындалды.Фото: Валерий Бугаев

Соңғы жаңалықтар