Павлодар облысының халқы жерасты дүмпулерін сезінді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жер сілкінісі бүгін Астана уақытымен сағат 11.28-де болған. Баянауыл ауданында 2 баллдық дүмпулер тіркелген.

Түркияның Адана провинциясында 4,9 магнитудалы жер сілкінісі болды
Фото: Анадолы

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, бұл оқиғаны «Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық стансалар желісі тіркеген. Жерасты тербелістерінің эпицентрі Павлодар облысының аумағында, Баянауыл ауданында (Алматыдан солтүстік-батысқа қарай 855 шақырым жерде) орналасқан.

— Эпицентрдің координаттары: 50.47º с. е. 76.47º ш. б. Тереңдігі — 30 км. Есептелген қарқындылығы: Баянауыл ауданы, Баянауыл ауылында 2 балл құрады. Іс-қимылдарды үйлестіру және жағдайға мониторинг жүргізу үшін Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті базасында жедел штаб құрылды, — деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінен.

Әзірше жер асты дүмпуі салдарынан ғимараттар мен нысандардың қирауы мен зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, 87182 20-11-12 нөмірі бойынша жедел желі ашылды.

Ал Павлодар облысының әкімдігі жергілікті атқарушы органдар жауапты қызметтердің жұмысын үйлестіріп жатқанын хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, жағдай тұрақты, халыққа қауіп жоқ. Қала тұрғындарынан медициналық көмекке жүгіну фактілері мен зақымданулар тіркелмеген.

Еске сала кетейік, бұған дейін сейсмологтар Каспий теңізінің акваториясында магнитудасы 4,2 болатын жер сілкінісі болғанын жазғанбыз.