Павлодар облыстық кітапханасында белгілі әдебиетші Ғалымбек Жұматов өз оқырмандарымен кездесті
ПАВЛОДАР. 23 маусым. ҚазАқпарат - Павлодар облыстық кітапханасында белгілі журналист, публицист, ақын, «Шаһар» газетінің редакторы Ғалымбек Жұматовтың «Туған ел перзенті» тақырыбы аясында оқырмандармен кездесу кеші болып өтті.
Автордың 60 жылдық мерейтойы қарсаңында кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды. Ғ. Жұматовтың тұңғыш туындысы «Арман қанатында» деген атпен осыдан 32 жыл бұрын жарық көрген. Оның «Трактор қалай жасалады?», «Жалғас - жауынгердің баласы», «Кең аулалы үйденбіз» және басқа да кітаптары оқырмандарымен қауышқан.
2003 жылы «Қазақстан - қара шаңырағым» атты республикалық фестивальде бірінші орынды жеңіп алды. Сол жылы балаларға арналған «Біз - 42 әріппіз» атты кітабы жарық көрді.
Екі жыл бұрын Ғ. Жұматов пен композитор Назымбек Дүкенбаев бірлесе отырып, Астанаға арналған өлеңдер мен әндер жинағын үнтаспаға басып шығарды.