12:01, 07 Ақпан 2009 | GMT +5
Павлодар облысы әкімінің халықпен кездесуінде өзекті мәселелер әңгеме болды
ПАВЛОДАР. Ақпанның 7-сі. /Вера Ливинцова/ - Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев кеше жұртшылық пен депутаттар алдында есеп берді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен жылдың қорытындысы туралы айтқан аймақ басшысы ? облыс экономикасы әлеуметтік-саяси жағдайдың тұрақтылығы арқасында дамып келе жатқандығын атап өтті. Өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі 700 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,9 %-ға өсе түсті.Негізгі капиталға 140 млрд. теңге инвестиция құйылып, облыстың сыртқы сауда айналымы 19,2 %-ға артты. 2008 жылы ауыл шаруашылығы саласына бөлінген инвестиция көлемі 8,5 млрд. теңгеге жетті. Сондай-ақ, 20-дан астам жаңадан ашылған өңдеу нысандары пайдалануға берілді.Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы да ойдағыдай аяқталып, 1410 пәтер, яғни, 142 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасы бойынша денсаулық сақтау және білім беру салаларының қызметкерлерін пәтермен қамтамасыз ету жоспары 260%-ға орындалды. Жалдамалы тұрғын үй көлемі жоспардағыдан 25%-ға артығымен орындалды, ал ипотекалық тұрғын үй көлемі 98%- болды.Май және Ақтоғай аудандарында жаңа мектептер, ал Павлодар ауданында емхана ашылды. Ауылдық жерлерде 6 спорт кешені пайдалануға беріліп, бес балабақша салынды және қайта қалпына келтірілді, мектептер жанынан 67 шағын-орталық ашылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін Павлодарда жаңа Достық үйі салынып бітті. Өз есебінде Б.Сағынтаев 2009 жылға бағытталған негізгі іс-шаралардың, экономика және қаржы жүйесін тұрақтандырудың екі жылдық жоспарының орындалуына баса назар аударды. Билік пен бизнестің өзара ынтымақтастығы нәтижесінде облыстағы ірі өндіріс орындарында қысқартулар болмады, әлеуметтік топтама толық көлемде сақталып қалды.