Павлодар облысы Май ауданының тұрғындарынан Елбасы атына жеделхат келіп түсті
ПАВЛОДАР. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Павлодар облысы Май ауданы тұрғындарынан жеделхат келіп түсті.
- Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы!
Біз, Семей ядролық полигонымен шектес орналасқан Павлодар облысы Май ауданының тұрғындары, Сіздің 1991 жылдың 29 тамызындағы Семей полигонын жабу жөніндегі Жарлығыңызды зор қуанышпен қарсы алған едік. Осылайша, Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі бірінші ел болып танылды..
Сынақ аймағында тұрғандықтан, көрген азабымыз аз емес. Сондықтан Вашингтонда өткен саммитте атом қаруын сынаудан зардап шеккен Семей сынақ аймағын қалпына келтіруге байланысты нақты ұсыныстар айтылуы болашаққа сенім берді. Сіздің адамзаттың дамуын қорғаудағы, халқыңыздың денсаулығын сақтаудағы қадамдарыңыз көңілге медеу болып отыр. Ядролық атом қаруына қарсы күрестегі дүниежүзілік қозғалыстың басшысы болып отырсыз. Салиқалы саясатыңыздың және үлкен беделіңіздің арқасында әлем қауымдастығының құрметті мүшесі атандық. Біз Қазақстанның осындай жетістіктерін мақтан етеміз.
Қазақ елі халықаралық деңгейде үлкен абыройға ие бола берсін! Әлемде бейбітшілік орнату жолындағы істеріңізге зор табыс тілейміз, делінген Мемлекет басшысына Ұлы Отан соғысының ардагері Мағау Сыздықов, Май ауданының Құрметті азаматы, атақты шопан Рақымжан Ыбыраев, Май ауданының Құрметті азаматы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жылқышы Смағұл Құрманов жолдаған жеделхатта.