Павлодар облысы жәрмеңкеге 1 000 тоннаға жуық өнім әкеледі

Жәрмеңкеге қатысатын 150 кәсіпорын 1000 тоннадан астам өнім әкеледі. Павлодар облысының кәсіпкерлері 112 тонна ет пен ет өнімдерін, 51 тонна сүт өнімдерін, 90 мың дана жұмыртқа ұсынады. Бұдан басқа, 330 тонна картоп, 290 тонна көкөніс пен жеміс, 45 тонна ұн, 49 тонна жарма мен макарон өнімдері, 17,5 тонна нан және кондитерлік өнімдер, 48 тонна сұйық май, 10,5 тонна бал мен т.б. өнімдер сатылады.
Ұсынылатын азық-түлік өнімдерінің бағасы қала базарларынан төмен. Мысалы, сиыр, қой етінің бағасы 900 теңге/кг, жылқы еті 1000 теңге, шошқа еті 700 теңге/кг, картоп, сәбіз, қызылша 40 теңге/кг, қырыққабат 30 теңге/кг, қарбыз бен асқабақ 30 теңге/кг, бал 1000 теңге/кг, қымыз 450 теңге/л болады.
Ақсу ауылдық аймағының Павлодар мен Ақтоғай аудандарында өсірілген картоп, қызылша, сәбіз, «Чернояр қырыққабаты», Баянауылдан әкелінген ет пен қымыз - экологиялық таза өнімдер болып табылады. Сонымен қатар, «Рубиком» ЖШС, «КЭММИ» ЖШС, «Сүт» АҚ, «Ақоба» ЖШС, «Алтай» ШҚ, «Ақжар - Өндіріс» ЖШС, «РЭГТайм» ШҚ, «Крендель» ЖШС сынды белгілі брендтер де өз өнімдерін ұсынады.
Жәрмеңке барысында ыстық тамақ әзірленіп, «Қазақ тағамдары» ұлттық тағам өнімдері мен павлодарлық Ертіс маңындағылардың халық шығармашылығының туындылары сатылады. Елорда тұрғындары мен қонақтарына «Павлодар облысының жетістіктері» атты фильм көрсетіледі. Облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдары концерттік бағдараманы және музыкалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылар түрлі сыйлықтармен марапатталатын болады.