Павлодар облысында 140 ауыл және ауылдық округ әкімдерін сайлау жүргізіледі
ПАВЛОДАР. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Алдын ала мәліметтер бойынша, биылғы жылы Павлодар облысында 140 ауылдық округ, ауыл және кент әкімдерінің сайлауы өтеді. Бұл туралы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Әлия Сабырханова мәлім етті, деп хабарлады аймақ басшысының баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2012 жылдың желтоқсан айында әкімдер сайлауын ұйымдастыру мәселелері бойынша жұмыс тобы құрылып, нақты іс-қимыл жоспары жасалды. Сайлау шамамен 2013 жылдың шілде айында өтеді.
Қала маңында орналасқан ауылдық округ, ауыл және кенттердің 33 әкімін сайлау туралы соңғы шешім олардың мәртебесін анықтау және әкімшілік-аумақтық орналасу аяқталған соң қабылданады.
Әкімдерді сайлау Ережелері бекітілген соң облыстық сайлау комиссиясы облыс орталығында және әрбір ауданда сайлауды ұйымдастырушылар үшін оқыту семинарларын өткізеді.