Павлодар облысында «Барымташы» операциясы аяқталды
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Николай Кузнецов/ - Павлодар облысында «Барымташы» операциясы аяқталды. Оның барысында Ақсу қаласында мал ұрлаумен айналысқан үш топ ауыздықталды.
Май ауданының, Екібастұз және Ақсу қалаларының 14 тұрғыны ұсталды. Олар 3 миллионнан астам теңге соманың жиырма барымтасы бойынша айыпталуда. Олар ұрланған малдың етін базарларда өткізген.
Ішкі істердің барлық аумақтық бөлімдері барымтаның жолын кесу жөніндегі операциялар жүргізуде, мал мен ет өнімдерін тасымалдаушы көліктерді тіркеп, тексеруде. Сауда нүктелері мен тері қабылдау орындары да тұрақты тексеріліп тұрады. Жылдың басынан бері арнайы топ барымташылардың 17 қылмыстық тобын жойды, 84 адамды ұстады. Жүргізілген талдаулар, ұрланған малдың 56 пайызы жайылымдардан ұрланғанын, қалғандары сарайлар мен қоралардан әкетілгенін көрсетіп отыр.
Облыс бөлімшелерінің арасында жедел ақпаратпен алмасу жолға қойылған, Павлодардың Ертіс жағалауының полицейлері Ресей милициясымен байланыста жұмыс істейді. Мысалы, қыркүйектің 25-інде Омбы облысынан Павлодар облысының Железин ауданына ұрланған 86 бас ірі қара малды іздеуге көмектесу туралы өтініш түсті. Бұл туралы шекаралас аудандардың жеке құрамдары хабардар етілді және екі жедел іздестіру тобы құрылды. Мал Көлебе ауылында табылып отыр, олар енді Ресейге қайтарылады.