Павлодар облысында екі адамды ажалдан алып қалған донор О. Пушкинаның қызы ақылы оқудан грантқа ауыстырылды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында алғаш рет донор болып, екі адамды өлімнен алып қалған Олеся Пушкинаның қызы Арина Пушкинаға 1 наурыздан бастап 17 мың теңге көлемінде атаулы шәкіртақы тағайындалды.

 Павлодар облысында екі адамды ажалдан алып қалған донор О. Пушкинаның қызы ақылы оқудан грантқа ауыстырылды

Сондай-ақ бойжеткен келесі оқу жылынан бастап ақылы оқудан грантқа ауыстырылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Бұл туралы агенттікке Павлодар қаласы медициналық колледжі директорының м.а. Гүлнар Сейітқазинова мәлім етті. - Аринаның әкесі жылдың соңына дейін медбике ісі мамандығы бойынша екінші курста білім алып жатқан қызының 200 мың теңге көлемінде оқу ақысын төлеп қойған болатын. Алайда студентіміздің тегін білім алуы үшін колледждің арнайы қоры мен кәсіподақ ұйымынан қаржы бөліп, қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдадық. Себебі оның отбасы кез келген адамның қолынан келе бермейтін үлкен ерлік жасады. 37 жасында инсульт алып, мезгілсіз дүние салған Олеся Пушкинаның ағзалары басқа адамдарға салынып, қанша адамға қуаныш сыйлады. Мұндай тәжірибе өңірімізде алғаш рет жүзеге асырылды, - дейді Гүлнар Сейітқазинова. Білім беру басшылығының айтуынша, Арина Пушкина колледжді аяқтаған соң Новосібір қаласының медициналық институтында білімін жалғастыруды жоспарлап отыр.

Еске сала кетейік, Павлодар қаласы № 1 қалалық аурухананың дәрігерлері қайтыс болған марқұм Олеся Пушкинаның отбасына қамқорлық жасауды өз жауапкершіліктеріне алған болатын. Жарық дүниемен қош айтысқан азаматшаның жүрегі мен бүйрегі, бауыры науқастарға берілген.