Павлодар облысында екі орман өртімен күрес жүруде
АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - 11 қыркүйекте түстен кейін Павлодар облысының Орлытөбе орман мекемесінің Михайловск орманшылығында шамамен 100 га алқапта орман өрті орын алды.
Бұл жайында ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
Өртті сөндіруге Орлытөбе орман мекемесінің қызметкерлері мен техникасы, сондай-ақ жергілікті халық жұмылды (30 адам, 2 өрт сөндіру машинасы, 4 жеңіл автокөлік пен 4 трактор). Айта кетейік, 12 қыркүйекте сағат 07:00 кезінде оттың таралуы тоқтатылды. Қазіргі таңда жалынды толықтай ауыздықтау жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ 11 қыркүйек күні сағат 16:20 кезінде Павлодар орман мекемесінің Павлодар орманшылығында орман өрті пайда болды. Қазір оның таралу аумағы анықталуда. Өртті сөндіруге Павлодар орман мекемесінің қызметкерлері мен жергілікті халық қатысуда.
Орман өртін толықтай сөндіргеннен кейін Павлодар облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы қызметтік тексеріс жүргізбек.