Павлодар облысында инновациялық технологиялар сот процесіне қарқынды енгізілуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында инновациялық технологияларды сот процесіне енгізу жұмыстары қарқын алуда. Бұл туралы Павлодар облыстық сотында 2014 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарының қорытындылары бойынша өткен аймақтық соттар судьяларының кеңейтілген мәжілісінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметінен.

Павлодар облысында инновациялық технологиялар сот процесіне қарқынды енгізілуде

Кеңейтілген отырыстың жұмысына Павлодар облыстық сотының төрағасы Ә.Қаженов, аппеляциялық сот алқаларының төрағалары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары қатысты. Облыс соттарының сот төрелігін жүзеге асыру сапасы жөнінде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша аппеляциялық сот алқаларының төрағалары, кассациялық сот алқасының судьялары баяндама жасады.

Азаматтар мен заңды тұлғалардың атынан судьялардың әрекеттеріне шағымның елеулі түрде төмендегені байқалады. Бұған судьялар этикасы жөніндегі комиссия жұмысынан хабардар еткен облыстық сот судьясы А.Нұркиев айтты. Сондай-ақ кеңесте инновациялық технологияларды сот процесіне енгізу жұмысының қарқынды дамуда екені, оның қолданылуы, аудио және бейне тіркеумен қаралған істер мен олардың саны жөнінде сөз болды.

Жиынды Павлодар облыстық сотының төрағасы Ә.Қаженов қорытындылап, облыс судьяларына сот төрелегін жүзеге асырудың сапасын арттыру, істерді қарау мерзімін және сот этикасының нормаларын сақтауды баса назарға алуды тапсырды.