Павлодар облысында Темірғалы Нұрекеннің кесенесі бой көтерді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Есілбай ауылында қоғам қайраткері Темірғалы Нұрекенге кесене тұрғызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодар облысында Темірғалы Нұрекеннің кесенесі бой көтерді

Темірғалы Нұрекен кесенесінің ашылуына арналған шараға 700-ден астам адам жиналды. Ислам дінін таратқан белгілі тұлғаның өмірін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында зерттеу туралы ұсынысты Шарбақты ауданының әкімі Балғабай Ыбыраев білдірген. Нәтижесінде мұрағат материалдары мен тарихи суреттер, оның ұрпақтары туралы мәліметтер табылған.  Темірғалы  Нұрекен XIX  ғасырдағы қоғам қайраткері,  Семей облысы Павлодар уезінің Сейтен болысын басқарған. 1905 жылы Қарқаралы, Павлодар уезі қазақтарының атынан Ішкі істер министрлігіне наразылық білдіріп, петиция жазуға қатысқан. Петицияны қазақ тілінен орыс тіліне аударған. 1907 жылы Екінші Мемлекеттік Думаға Семей облысынан депутат болып сайланып, Мұсылман фракциясының мүшесі болған.  Өмірін ағартушылыққа арнаған жан мешіт пен мектеп ашқан. 1992 жылы Есілбай ауылының тұрғындары мешіт тұрғызып, оған Темірғалы  Нұрекеннің есімін берген.  


Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Сержан Иманқұловтың айтуынша, кесененің құрылысы туралы ой облыстық қоғамдық кеңесте айтылған. 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осыған ұқсас жобаларды жүзеге асыру мақсатында ұсыныс мақұлданып, «Шарбақты - туған жер» атты қоғамдық қорын құру туралы ортақ шешім қабылданды. Қорға Шегерен ауылдық округінің тұрғындары, мекеме-ұйымдардың қызметкерлері қаржы аударды. Мазарды тұрғызу жобасын облыстық сараптау комиссиясы бекітіп, облыс әкімі Болат Бақауов мақұлданды», - дейді Сержан Иманқұлов.  


Жобаны жүзеге асыру тамыз айында басталды. Шараға аймақ басшысы Болат Бақауов, облыс және ауданның құрметті азаматтары: Ғарифолла Есім, опера әншісі Шахимардан Әбілов, Темірғалы Нұрекеннің ұрпақтары, демеушілер мен жергілікті тұрғындар қатысты.  

«1992 жылдан бері Есілбай ауылында мешіт ашылғалы бері осында келе бастадым. 1937 жылы 150 орынға арналған мешіт жабылып қалған. 1992 жылы атам туралы материалдар іздей бастадым. Мәскеуде оның кітаптары мен суреттерін тауып алып, барлық құжаттарды облыстық өлкетану мұражайына тапсырдым. Біздің болашақ ұрпақ өзінің туған жерінің тарихын білу керек», - дейді шөбересі Камал Бектұрова.

Нысанның ашылуына орай Есілбай ауылында он бір киіз үй тігілді, дұға оқылып, ас берілді. Сондай-ақ шара барысында ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылды.