Павлодар облысында туу көрсеткіші азайды: Болат Бақауов мәселені зерттеуді тапсырды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясында өңір әкімі Болат Бақауов өңірдегі демографиялық ахуалды зерттеуге тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
None
None

«Бізде жаңа туған балалардың саны неліктен азайып жатқанын зерттеуіміз керек. Өңірде көптеген аурулар бойынша, оның ішінде онкологиялық ауруларға қатысты жағдай неліктен күрделі? Осы орайда экологиялық ахуалға кінә таға бермеуіміз керек. Сондықтан осы айтылған күрделі мәселелерді бірлесе шешіп, нақты нәтижені көздеуіміз қажет», - деді Болат Бақауов.  

Аймақ басшысы 2019 жылы халық қалаулылары өңірдің тыныс-тіршілігін жіті назарда ұстауы қажеттігін атап өтіп, тұрғындар алаңдаушылық білдірген мәселелерді бірлесе шешуге шақырды.

«Облыс бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны азаюда. Барлық басқармаларға бизнесті қолдауды тапсырудамыз. Бұл жерде «Атамекеннің» де қосар үлесі зор болуы керек», - деді ол.  

Отырыс барысында «Ромат» фармацевтикалық компаниясына қатысты мәселе де назардан тыс қалмады.

«Кезінде Қазақстанның 50 пайыз нарығын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еткен компанияның жағдайы не болғанын білесіздер. Мәселелерді өтіп кеткеннен кейін емес, олардың алдын-алып уақтылы шешуге тырысу керек. Осы орайда, барлықтарыңызды белсенділікке шақырамын», - деп атап өтті Болат Бақауов.

Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысында соңғы 10 жылда ауыл тұрғындарының саны 34 мыңға азайды. Қазіргі кезде ауылда тұратын павлодарлықтардың үлесі небәрі 30% құрайды. 

Соңғы жаңалықтар