22:30, 07 Қыркүйек 2018 | GMT +5
Павлодар облысында жолдарды жөндеуге 54 млрд теңге жұмсалды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында жолдарды жөндеу жұмыстары аяқталып келеді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы бүгін облыстық әкімдікте болған аппараттық кеңесте аймақтық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Қойсоймасов мәлім етті. - Биыл мыңнан аса шақырым жол жөнделді, - деді Ринат Қойсоймасов. - Бұл шараға 54 миллиард теңге жұмсалды. Оның 12,4 миллиарды жергілікті жолдарды, ал 42 миллиарды республикалық жолдарды жөндеуге кетті. Жылдың соңына дейін барлық учаскелердегі жұмыс толықтай аяқталады».
Елбасының тапсырмасына сәйкес туризм дамып жатқан елді мекендердің жолдарында жөндеуге басымдық беріледі. Бүгінгі таңда Баянауыл ауданында алты миллиард теңгеге 10,7 шақырым жол жөндеуден өтіп жатыр.