Павлодар облысындағы Екібастұз қаласының бір топ тұрғындары Мемлекет басшысына жаңа музыка мектебі ғимараты үшін алғысын білдірді
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Павлодар облысы Екібастұз қаласының тұрғындарынан хат келді, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
Авторлар Тәуелсіздік күні қарсаңында қалада музыка мектебінің жаңа ғимараты ашылғаны туралы хабарлаған.
Бұрындары сабақ қолайсыз бөлмелерде оқытылатын. 2011 жылы екібастұздықтар Мемлекет басшысына музыка мектебінің құрылысына көмек көрсету туралы өтініш білдірген.
Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, қаладағы оқу орнының талабына сай келетін қазіргі ғимаратты салу жобасы әзірленіп, табысты жүзеге асырылған.
«Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынған және қазіргі заманның барлық талаптарына сай келетін мектеп есігін жоспарланған мерзімнен сегіз ай бұрын ашты» делінген хатта.
Бүгінде мектепте 580 талантты бала оқып жатыр. Бес бөлмеде 52 педагог-музыкант он мамандық бойынша сабақ береді. Осындай қамқорлықтың нәтижесінде Екібастұзда жастардың мәдени және рухани дамуы үшін мүмкіндіктер кеңінен қарастырылғаны хатта атап өтілген. Бұл музыка мектебін тұрғындар кіші консерватория деп атап кеткен.
Хат иелері қалалықтар Мемлекет басшысына біздің еліміздегі жасампаздық, бейбітшілік пен келісім саясаты үшін өз ризашылықтарын білдіретінін жеткізген.
«Сізге денсаулық және біртұтас Қазақстан халқының игілігі жолындағы қызметіңізге табыс тілейміз» деп атап өткен екібастұздықтар.