Павлодар облысының 31,4 мыңнан астам тұрғыны үй салу үшін жер алуға ниеттерін білдірді

 ПАВЛОДАР. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Павлодар облысында алты жылда 31 444 отбасы жекеменшік тұрғын үй салу үшін жер алуға өтініштерін білдірді.

Павлодар облысының 31,4 мыңнан астам тұрғыны үй салу үшін жер алуға ниеттерін білдірді

Бұл туралы өткен аптаның аяғында әкімдікте өткен кеңес барысында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетов хабарлады.

Олардың тек 4 557-і (14,5 пайыз) учаскелерін алды, аймақтың сегіз мыңнан астам тұрғынының өтініштері қанағаттандырылмады, кезекте 18 810 адам тұр.

Жекеменшік тұрғын үй салғысы келетіндердің дені облыс орталығында тұрады, олардан 21 мыңға жуық өтініш түсті, 1 630-ы жер телімдерін алды. Екібастұзда 5 646 азамат өтініштерін беріп, 1 738-і жер телімдерін алды. Ақсуда 2 701 өтініштің 184-і қанағаттандырылды.

Н.Әшімбетов түсіндіргендей, үлкен кезек қалалар мен қала маңындағы аумақтарда ғана қалыптасқан. Бұл 2009 жылы ҚР Жер кодексіне толық жоспарлау және елді мекендердің құрылыс жобаларынсыз құрылыс салуға учаскелерді беруге тыйым салу туралы енгізілген өзгерістерге байланысты болып отыр.

Павлодар облысында 12 әкімшілік бірліктің тек бесеуінде ғана дамудың бас жоспары бекітілген.

Биылғы жылы Қашыр, Май, Железин, Лебяжі аудандарында бас жоспарларды жобалау үшін қаражат бөлінді.