09:17, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Павлодар облысының әкімдігі мен «Қазақстен темір жолы» ұлттық компаниясы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
ПАВЛОДАР. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев пен «Қазақстен темір жолы» ұлттық компаниясының президенті Асқар Мамин Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл құжатқа теміржол көлігі саласындағы отандық өндірісті ынталандыруға бағытталған инновациялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері енгізіліп отыр. Кеше Павлодарда өткен Қазақстанның солтүстік аймағы тауар өндірушілерінің кеңесіне еліміздің алты облысының, атап айтқанда Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облысының 124 кәсіпорнының өкілдері қатысты. Ұлттық компания «Қазақстан темір жолы» үшін жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесін арттырудың бесжылдық бағдарламасын қабылдап отыр. Теміржолшылардың қажеттіліктері үшін қазақстандық өнімдерді сатып алу көрсеткіші жылына 100 миллиард теңгеге дейін - номенклатура бойынша 50 пайызға және құны бойынша 80 пайызға өседі. Қазақстанда локомотив, жүк және жолаушылар вагондарын шығаратын өндірістер құрылады, деп атап көрсетті Асқар Мамин өз сөзінде. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Павлодар облысының ондаған отандық тауар өндірушілермен ынтымақтастық орнатқан. Ұлттық компанияның сатып алынатын өнімдері тізбесінде жылжымалы құрам мен жол техникасын жөндейтін материалдар мен қосымша бөлшектер, темір жол желісін және қызмет көрсететін жолдың жоғары құрылысын жөндейтін құрал-жабдықтар, электр қуаты және байланыс құралдары, сондай-ақ түрлі өлшегіш және өрт сөндіру құралдары орын алды. Бұдан басқа, Павлодар облысының кәсіпорындары жылжымалы құрам жөндеу мекемелерін қажетті технологиялық, стандарты өзгеше жабдықтар мен өлшеуіш құралдармен қамтамасыз етеді.