08:48, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
Павлодар облысының әкімі «Нұр Отан» кеңсесінде жеке қабылдау өткізді
ПАВЛОДАР. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Тұрғындардан түскен сұрақтардың дені тұрмыстық жағдайларға қатысты болды. Біреулер пәтер мәселесін шешіп беруді сұраса, енді бірі зейнетақы мөлшерін көтерді. Мәселен, Ақсу қаласының тұрғыны Ахмет Жеңісбекті үш жасар баласына тиесілі жәрдемақының төлену барысы толғандырады. Аталмыш көмекті олар осы уақытқа дейін алып келген. Ендігі жағдай түсініксіз. Ал отбасында төрт бала бар. Ерлі-зайыптылар болса, жұмыссыз. Бұл мәселе бойынша әкімдік отағасының әйелін қызметке орналастыруға уәде берді. Ал павлодарлық Темірғанат Құлмағамбетов «Павлодарэнерго» АҚ-ның атына дау айта келген. Азамат кәсіпорыннан қосымша қуат көзінің айырмасын қайтаруды талап етуде. Б.Сағынтаев қабылдауға жазылғандардың барлығының арыз-шағымдарын тыңдап шығып, олардың сауалдарының бірде-бірі жауапсыз қалмайтынын айтып, сендірді. «Барлық мәселе бойынша заң талаптарына сай шара қолданылады», - деді әкім.