Павлодар облысының әкімі Жасыбай демалыс орнын дамытудың жоспарын әзірлеуді тапсырды

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев Баянауыл ауданына жұмыс сапары барысында Бүркітті ауылындағы «BAYANAUL AGRO» шаруа қожалығы, Жасыбай демалыс аймағы, академик Қ.И. Сәтбаевтың мемориалды мұражайы, «Сарыкөл» кенішіндегі текшеленген көмір шығару зауыты, Майқайың алтын кен байыту фабрикасының жұмысымен танысты.

Павлодар облысының әкімі Жасыбай демалыс орнын дамытудың жоспарын әзірлеуді тапсырды

Сондай-ақ, аудан әкімі Ернұр Айткеновтің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндамалық есебін тыңдады. Қ. Бозымбаев табиғаты ерекше, қойнауы құтты Баянауыл жерінде, оның ішінде «Жасыбай» демалыс аймағындағы туризм кластерін дамытуға аса көңіл бөлді. Бірақ ол үшін демалыс аймағында ауыз су мәселесі шешімін табуы керек. «Бұл жерде біз, ең алдымен, туризм кластерін қалыптастыру үшін Жасыбай демалыс орнын дамытудың жоспарын (мастер-план) әзірлеуіміз қажет», - деді Қанат Бозымбаев. Осы орайда, облыс басшысы ауданның туризм кластерін қалыптастыру мақсатында тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салу, кәріз бен су жүйесі жобаларын іске қосу қажеттілігі туралы да мәселеге мұқият қарау керек деді. Аудан әкімінің есебінде өрісі малды Баянауылда мал ұрлау фактілері мәселесі де айтылмай қалмады. Мал ұрлау фактілерін облыс әкімі қатаң сынның астына алды. Оған қоса, ауданда жол, жер телімдерін ресімдеу, сапалы ауызсуға қатысты түйткілді мәселелер бар. Жиынды қорытындылай келе, аймақ басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына баға беріп, аудан басшылығына бірқатар тапсырмаларды жүктеді.