Павлодар облысының әкімі жөндеуден өткен жолдардың сақталуына алаңдаулы

Өңірдегі жолдардың сақталу мәселесін облыс басшысы көптен бері назарда ұстауда. 2018 жылы жол жөндеу және көгалдандыру жұмыстарына 12,4 млрд теңге қаржы жұмсалды. Бүгінгі таңда жөндеуден кейін пайдалануға берілген жолдармен артық салмағы бар жүк көліктері жүретіні белгілі болды. Олар артық салмақ тасымалдауға 6 айға рұқсат беретін көлік инспекциясынан арнайы анықтама алатын болып шықты. Жүктің бөлінетін немесе бөлінбейтіндігіне назар аударылмайды. Анықтаманың құны 58 мың теңгені құрайды.
«Жақында ғана Шалдай - Восточный тас жолымен жүріп өттім. Жөндеуден өткеніне екі жыл ғана болса да, жағдайы нашарлаған. Бұндайға жол бермес үшін бөлінетін заттарды артық салмақпен тасымалдауға тыйым салынуы керек. Артық салмақ тасымалдаушылар өте арзанға рұқсат қағазын алып, миллиондаған теңгеге шығын келтіреді»,- деді Болат Бақауов.
Оған қоса, өңір басшысы разрез, кеніш сияқты жүкті жіберушілердің жүкті тиеу кезінде құқық бұзушылықтарға жол бермеуін қадағалауды және жүк жіберушілерді артық салмаққа жауапты қылуды тапсырды.
Айта кетейік, Павлодарда артық жүкті жақсырақ бақылау үшін 100 млн теңгеге үш арнайы жабдықталған көлік сатып алынды. Олар жуырда Павлодарға жеткізіледі. Оның бірі көбінесе ұсақ тас тасымалданатын Майқайың мен Қалқаман арасындағы тас жолға бақылау жүргізеді.