Павлодар облысының әр тұрғынына шаққанда тоннаға жуық зиянды шығарындылар ауаға таралады
ПАВЛОДАР. 8 маусым. ҚазАқпарат - Павлодар облысы республика аймақтарының арасында ауаны ластау бойынша бірінші орынға шығып отыр, деп хабарлады статистика департаментінің баспасөз қызметі.
Атмосфераға тазалау, зарарсыздандыру және кәдеге жаратудан кейін де өткен жылы 676 мың тонна, яғни 2011 жылмен салыстырғанда жеті пайыз көп зиянды шығарындылар таралған. Олардың 73,4 пайызы - газтекті және сұйық заттар, 26,6 - қатты заттар.
Ауаны негізгі ластаушылар - энергия кәсіпорындары, олардың зарарлы заттектердің жалпы көлеміндегі үлес салмағы - 65,1 пайыз, өңдеуші өнеркәсіптің үлесі - 34,7 пайыз.
Табиғи ортаға зарарлы заттектердің нормативті шығарындыларына іс жүзінде төленген төлемдер сомасы 8,1 млрд. теңгені, нормативтен тыс шығарындыларға - 45 млн. теңгені құрады.
Атмосфералық ауаға зарарлы заттектердің шығарылуы үшін төленген ақша 70 пайызға сәйкес келеді, қалдықтарды орналастыру - 29 пайыз, аймақтың су ресурстарына келтірілген зиянға - 1 пайыз ғана қаржы төленген.