Павлодар облысының бұрынғы әкімі Е.Арын сотта өзіне тағылған айыптарды жоққа шығаруда

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Қылмыстық істер бойынша Павлодар мамандандырылған ауданаралық сотында бүгін облыстың бұрынғы әкімі Ерлан Арынға қатысты сот отырысы басталды. Оны судья Қабиболла Байғоншеков жүргізуде.

Павлодар облысының бұрынғы әкімі Е.Арын сотта өзіне тағылған айыптарды жоққа шығаруда

Бұрынғы облыс әкімі сот отырысында оған тағылған айыптарды мойындамады. «Мен өз кінәмді мүлде мойындамаймын», - деп мәлім етті Е.Арын. Бұрынғы әкім ҚР ҚК-нің үш бабы бойынша жемқорлық қылмысқа барды деп айыпталуда. Мемлекеттік айыптау нұсқасы бойынша сотта оны Радимхан Дубаева таныстырды. Е.Арын кәсіпкерден алдау жолымен 1 млн. 650 мың теңге көлемінде қаржы жымқырды, сондай-ақ басқа кәсіпкерден тендерде жеңуі үшін 5 млн. теңгеден астам көлемде пара алды деп айыпталып отыр. Еске сала кетейік, Е.Арын ағымдағы жылдың 4 наурызында қамауға алынды. Бастапқыда оған ондаған эпизод бойынша қылмыс жасады деген айып тағылған болатын. Бұл іс қазан айында қайта тергеуге тапсырылды. Алайда тергеушілер тағылған айыптардың көбіне қатысты айтарлықтай дәлелдер таба алмады.