Павлодар облысының Сарышығанақ ауылында қолөнершілердің жазғы мектебі жұмыс істеуде
ВЛОДАР ОБЛЫСЫ. 26 шілде. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Павлодар облысының Ақсу селолық аумағындағы Сарышығанақ ауылында осымен жетінші рет қолөнершілердің жазғы мектебі ашылды.
Бұл мектепке келушілер киіз басуды және одан түрлі бұйымдар жасауды үйренеді.
«Алғашқы жылдары біз көрші-қолаңды қой жүнін түтіп, одан отбасы мүшелеріне және сатуға жылы аяқ киімдер, үй ішіне арналған түрлі ұлттық бұйымдар тігуді үйрететінбіз. Бұл кәсіпті жете меңгерген Сарышығанақ ауылының әйелдері енді басқаларды үйретуде. Біздің жазғы мектепке оқуға Тараздан, Қарағандыдан, Семейден әйелдер келіп жатыр», - дейді мектептің ұйымдастырушысы, «Жауқазын» қоғамдық қорының төрайымы Қалимаш Баймұханова.
Сарышығанақ әйелдерінің қолдарынан шыққан бұйымдар облыстық және халықаралық көрмелерде, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкелерінде дипломдармен, түрлі жүлделермен жиі аталып өтіледі. Байырғы өнерді игеріп алған шеберлер қазір өз өнімдерін Ақсуда және Павлодарда саудаға шығарады.
Қалимаш Баймұханованың ұйытқы болуымен ауыл әйелдері сондай-ақ үй жағдайында сүттен түрлі өнімдер дайындап, оларды қала базарларына барып сатуды кәсіпке айналдырып отыр.
Сарышығанақ ауылындағы жазғы мектеп өткен жеті жылдың ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам әйелді өз кәсіптеріне үйретті.