Павлодар өңірінде экологиялық заңнама талаптарын бұзудың 77 дерегі анықталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Облыстық экология департаменті жыл басынан кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 78 тексеру жүргізіп, бірқатар заң бұзушылықтардың бетін ашқан.
Тексеру нәтижелері бойынша экологиялық заңнама талаптарын бұзудың 77 дерегі тіркелді. Заң бұзушылықтарды жою туралы 62 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 875 млн 891 мың 529 теңге мөлшерінде 47 әкімшілік айыппұл салу туралы қаулы шығарылған.
- Тексеру іс-шараларының нәтижелері бойынша қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заң бұзушылықтарды, экологиялық рұқсатсыз ластаушы заттар шығарындыларын жүзеге асыру фактілерін, белгіленген шығарындылар лимиттерінің артуын, сондай-ақ мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысының талаптарының сақталмауын анықтадық, - дейді экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков.
ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы 5-тармағында бақылау субъектілеріне жоспардан тыс тексерулер тағайындаудың негіздері көзделген. Биыл аталған бапқа сүйене отырып департаментпен бақылау субъектілеріне қатысты 52 жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
Мысалы, ластаушы заттардың нормативтен тыс шығарылғаны үшін «Ақсу ферроқорытпа зауыты – «ТНК «Қазхром» АҚ филиалы» 854,9 млн теңге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Артық газдарды рұқсатсыз жағу арқылы шектен тыс эмиссияларды жүзеге асырғаны үшін «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-на 2,4 млн теңге, «ЭР ЛИКИД МҰНАЙ ТЕХ ГАЗЫ» ЖШС-на 4,5 млн теңге айыппұл салынған.
Ал «СтройЭталон» ЖШС қалдықтармен жұмыс істеу кезінде экология заңнамасын бұзғаны үшін 2,7 млн теңге айыппұл арқалаған.
Еске сала кетейік, медициналық қалдықтарды дұрыс сақтамаған павлодарлық компания қомақты айыппұл арқалады.