Павлодар өңірінде гонконг тұмауына 42 адам шалдыққан

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Гонконг тұмауын жұқтырғандардың тең жартысы 14 жасқа дейінгі балалар. Ал ауырғандардың дені облыс орталығында тұрады.

СҚО-да тұмаудың төрт түрі тараған
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Өңірлік санитариялық-эпидемиологтялық бақылау департаментінің мәліметінше, эпидемиологиялық маусым басталғалы ЖРВИ-мен ауырудың 72 861 жағдайы тіркелген. Науқастардың дені, яғни 46 981-і – 14 жасқа дейінгі балалар.

- Соңғы бір аптада ЖРВИ-ға шалдығудың жаңадан 17 070 жағдайы анықталып отыр. Көрсеткіштер өткен аптамен салыстырғанда сәл өскен. Негізінен облыстың жекелеген аудандарында байқалды. Бұл эпиджағдайдың күн сайынғы бақылау деңгейінен аспағанын және ауруға шалдығудың маусымдық динамикасына сәйкес келетінін білдіреді. Екі қалада және төрт ауданда ауруға шалдығушылық 5,8 %-дан 29 %-ға дейін төмендеген, - дейді Павлодар облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанова.

Биылғы маусымда облыс аумағында гонконг тұмауын жұқтырудың 42 дерегі анықталған.

Мамандар оның тең жартысы 14 жасқа дейінгі балалар екенін айтады. Павлодар қаласында – 19, Екібастұзда – 10, Ақсу қаласында 2 жағдай тіркелген. Сондай-ақ Аққулы, Павлодар, Шарбақты аудандарында тұмаудың жаңа түрі белгілі болды.

«Ұлттық сараптама орталығы» РМК филиалының вирусологиялық зертханасында тұмауға тән емес 510 сынама зерттеліп, 7 жағдайда риновирус, бокавирус, коронавирус жұқтыру жағдайлары анықталған.

- Эпидемиологиялық жағдай бақылауда, барлық қажетті профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуде. Тұрғындарға жеке алдын-алу шараларын сақтау ұсынылады. Атап айтқанда қолыңызды сабынмен жиі жуып, антисептик қолданыңыз, пәтер мен жұмыс бөлмелерін желдетіңіз, адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болыңыздар, - деп кеңес берді Зәмзәгүл Дощанова.

Еске сала кетейік, Батыс Қазақстанда 75 адам гонконг тұмауына шалдыққан.

Соңғы жаңалықтар