Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Павлодар өңірінде жемшөп қаншадан сатылып жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Алдағы қыста облыста 491,8 мың ірі қара, 652,6 мың ұсақ мал және 316,2 мың жылқы қыстақтарға кіреді. Аталған мал басын аман алып шығу үшін фермерлерге 1,3 млн тоннадан астам шөп қажет.

мал азығы, жемшөп
Фото: АШМ

Павлодар облысында шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр. Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, биыл 1,3 млн тонна шөп дайындалуы керек. Қазірдің өзінде жоспардағы мал азығының 40,3%-ы (531,4 мың тоннасы) жиналған. Сонымен қатар 50 мың тонна пішендеме дайындалған, бұл — жоспардың 44,4%-ы.

— Шаруалар мен жеке қосалқы шаруашылық иелерін толғандыратын басты мәселе — мал азығының нарықтағы бағасы мен шығын көлемі. Бүгінде жергілікті нарықта шөптің бір тоннасы 25 мың теңгеден сатылып жатыр. Бір тіркемесі 45-50 мың теңге тұрса, орамасы 7-10 мың теңге аралығында саудалануда. Өңірде шөптің нарықтық бағасы белгіленген бірыңғай тарифке бағынбайды. Жемшөптің құны оның сапасына, дайындалған көлеміне және ең бастысы, өндіру мен тасымалдау шығындарына тікелей байланысты қалыптасып отыр, — деп түсіндірді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев.

Аймақта фермерлер шауып жатқан шөптің өнімділігі де әртүрлі. Табиғи шабындықтардың орташа өнімділігі гектарына — 7,9 центнер. Дегенмен, аудандар арасындағы алшақтық едәуір. Шөптің өнімділігі жоғары өңірлерде оны дайындау арзанырақ түссе, өнімділік төмен аудандарда мал азығының өзіндік құны қымбаттай түседі. Мәселен, Павлодар ауданы (19,5 ц/га), Ақсу қаласының ауылдық аймағы (14,1 ц/га), Тереңкөл ауданында (8,4 ц/га) тәуір көрсеткіштер тіркелсе, Май (7,8 ц/га), Ақтоғай (7,6 ц/га), Шарбақты (7,3 ц/га), Ертіс (7,2 ц/га) аудандары және Екібастұз аймағы (7,0 ц/га) орташа деңгейді көрсеткен. Ал Аққулы (6,6 ц/га), Баянауыл мен Железин (6,0 ц/га), Успен (5,9 ц/га) аудандарында шөптің өнімділігі айтарлықтай төмен болып отыр.

Шенеуніктер бюджеттен мал азығын дайындауға тікелей қаржылай көмек немесе субсидия қарастырылмағанын айтады. Сондықтан жанар-жағармай бағасы мен тасымалдау шығындарының артуы шөптің түпкілікті бағасына тікелей әсер етіп отыр.
Мамандар өнімділіктің төмендігі ауа райының құрғақшылығына және ылғалдың аздығына байланысты екенін де жеткізді. Шабылып жатқан шөптің басым бөлігі — табиғи дала өсімдіктері мен өзен жайылмаларының шөптері. Астық тұқымдас бетеге, боз, еркекшөп, бидайықпен қатар, қоректік құндылығы жоғары жоңышқа мен эспарцет сияқты көпжылдық бұршақ тұқымдас дақылдар жиналмақ.

Еске сала кетейік, Атырауда шөптің бір орамы 6,5-12 мың теңгеге сатылып жатыр.