Павлодар өңірінің ауылдары сапалы ауызсумен қаншалықты қамтылған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Облыс бойынша 352 ауылдық елді мекеннің 232-сі ғана орталықтандырылған ауызсуға қосылған.

Павлодар қаласының көшелеріндегі су колонкалары алынып тасталмақшы
Фото: irbistv.kz

Ертіс-Баян жерінің ауылдарында ауызсу тарифі әркелкі. Соңғы жасалған талдау қорытындысы бойынша Успен ауданында ауызсудың ең арзан тарифі тіркелген – текше метрі - 51,78 теңге. Ал ең қымбаты Ақсу қаласының ауылдық аймағында, текше метріне бекітілген тариф – 343,6 теңге.

- Барлығы 352 ауылдық елді мекен бар болса, оның ішінде 232 ауыл орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Облыс бойынша ауызсудың орташа тарифі 185,5 теңгені құрайды. 92 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған және 4 елді мекенде топтық су құбырынан бағаналар бар. Қалған 24 ауыл ұңғымалардағы суды пайдаланып отыр, - деп хабарлады Павлодар облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан.

Биыл ауылдық жерлерде 32 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Басым бағыттар - жолдарды және сумен жабдықтау нысандарын салу. Жыл соңына дейін 6 су құбырының құрылысы аяқталып, облыстағы ауыл халқын 100 % таза ауызсумен қамту жоспарланған.

Ал облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, былтыр орталықтандырылған және оқшауланған ауызсу көздерінен 1559 сынама алынып, оның 62-сінде микробиологиялық және санитарлық-химиялық көрсеткіштер нормаға сай болмай шыққан. Департамент мамандары аудан-қалалардың әкімдеріне және ауызсумен қамту мекемелеріне су құбырларын үнемі шайып, сүзгілерді ауыстырып отыру керектігін ескертеді.

Еске сала кетейік, елімізде ауызсуды есептеудің жаңа әдістемесі бекітілді.

 

Соңғы жаңалықтар