Павлодар орманшылары жабайы жануарларға тонналаған азық шашып жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қызметкерлері аязды күндері орман жануарларын азықтандырумен шұғылданып жатыр. Қазіргі уақытта мекемеге қарасты аумақта 80 оттық пен тұз астаулары құрылған.

Павлодар орманшылары жабайы жануарларға тонналаған азық шашып жатыр
Фото: Аждар Жүсіпов

Аталған ұйымға қарасты 6 орманшылық бар. Инспекторлар жабайы жануарларға ғана емес, құстар мен балықтарға да қамқорлық жасайды.

Павлодар орманшылары жабайы жануарларға тонналаған азық шашып жатыр
Фото: Аждар Жүсіпов

– Ертіс өзенінің жайылмаларында жем-шөп пен тұз салатын оттықтар құрылған. Инспекторлардың күшімен шамамен 80 азық орны, құстарға арнап 40 үйшік жасалды. Жануарларды азықтандыру үшін 3,5 тоннадан астам шөп пен дәнді дақыл жармалары, 180 килограм тұз дайындалған еді. Орманшылар соларды белгіленген жерлерге жеткізіп, сеуіп жатыр, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіпов.

Павлодар орманшылары жабайы жануарларға тонналаған азық шашып жатыр
Фото: Аждар Жүсіпов

Балықтар да орманшылардың қамқорлығында. Шағын су қоймаларындағы балықтарды оттегімен қамтамасыз ету үшін инспекторлар аэрация жүргізеді. Ойықтар бұрғылап, оған қамыс қояды. Осындай қарапайым әдіс арқылы суға оттегі араласады.

Павлодар орманшылары жабайы жануарларға тонналаған азық шашып жатыр
Фото: Аждар Жүсіпов

— Су айдындарындағы мұздың қалыңдығы бүгінде 40 сантиметрге жетіп тұр. Мұндай қалыңдықтағы мұз оттегіні өткізбейді. Салдарынан су астындағы жануарлар әлемі қыста қырылып қалуы ықтимал. Аэрациялық тәсіл арқылы көптеген су айдынындағы балық шаруашылығын аман сақтап отырмыз, — деп қосты Аждар Жүсіпов.

Павлодар орманшылары жабайы жануарларға тонналаған азық шашып жатыр
Фото: Аждар Жүсіпов

Биыл қыста еліктер Павлодар қаласына жиі кіріп жүр. Өзен маңайындағы жайылмаларды мекендейтін жануарлар кейбір сәтте қала көшелерін кезіп, азық іздейтінге ұқсайды. Орманды жерлердің көбінде қар қалың, еліктердің тебіндеп жайылуына қиындық тудырып тұр.

Павлодар орманшылары жабайы жануарларға тонналаған азық шашып жатыр
Фото: Аждар Жүсіпов

Бұған дейін Ертіс орманында емін-еркін жайылып жүрген еліктер көзге түскенін жазғанбыз

Ал Баянауылда қалың қарға омбыққан бұлан бейнетаспаға түсіп қалды

Соңғы жаңалықтар