Павлодар полицейлері құжатсыз дизель отынын тасымалдаған үш көлікті ұстады
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысы ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімшесінің қызметкерлері Екібастұзда 45 жастағы қала тұрғыны басқарған «ЗИЛ-130» маркалы көлікті ұстады. Ол тиісті ілеспе құжатынсыз жеті текше метр дизель отынын тиеп алған болып шықты. Бұл туралы ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Павлодар-Шарбақты жолында ҰҚКБ қызметкерлері Павлодардың 47 жастағы тұрғыны басқарған автоцистернасы бар «MAN» маркалы көлікті тоқтатты. Ол құжатсыз 60 тонна бензин тасымалдап келе жатқан.
Павлодар-Құлынды жолында тағы бір «MAN» маркалы көлік ұсталды. 36 жастағы Екібастұз тұрғыны құжатсыз 60 тонна ЖЖМ тасымалдап алып өтпек болған.
Үш факті бойынша ҚР ҚК 197-бабының 3-бөлімінде көзделген қылмыс белгілері бойынша сот алды тергеу жүргізілуде. Жүргізушілерге қатысты елден сыртқа шықпау туралы қолхат алынды. Көліктер айыппұл тұрағына қойылды.