Павлодар прокурорлары алимент төлемегендерді автокөлік жүргізу құқығынан айырып жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысында жыл басынан алимент төлеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 34 борышкер қылмыстық жауапкершілікке, 260 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

прокуратура
Фото: Бас прокуратура

Прокурорлардың пәрменімен жыл басынан бері 875 млн теңге сомасына алимент қарыздары өтелген. 330 борышкерге жұмыспен қамту органдарында есепке тұру туралы хабарламалар табысталды. 91 адам жұмысқа орналастырылса, 38 азамат автокөлік жүргізу құқығынан айрылған.

- Рейдтік шаралар барысында борышкерлердің 6 көлік құралы айыппұл тұрағына қамалды. Құны 22 млн теңгеден асатын сомада 8 жылжымайтын мүлік өндіріп алушыларға қарыздарды өтеу есебіне берілді. Алимент төлеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 34 борышкер қылмыстық жауаптылыққа, 260 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды,-деп мәлімдеді өңірлік прокуратурадан.

ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша прокурорлармен қылмыстық қудалау органдарына 58 борышкерге қатысты материалдар жолданған. Аталған бап бойынша 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Еске сала кетейік, прокурорлар Павлодар психоневрология орталығында балаларды көптен бері ұрып-соғып келгенін анықтады.

Соңғы жаңалықтар