Павлодар саяжайларында тариф бірден 50 пайызға қымбаттады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ең қымбат су тарифі «Энтузиаст» бағбаншылығында тіркеліп отыр. Мұнда әр саяжай иесі бұрынғыдан 40 пайызға көп төлейтін болады.

Өткен жылы әр саяжай иесі бір маусымға 28 мың теңге төлеп келсе, биыл бұл сома бірден 42 мың теңгеге өскен. Тұрғындар алты сотық жер үшін бұл сома өте қымбат екеніне шағымданып отыр.
«Энтузиаст» бағбаншылығының басшысы Виталий Маликов бұл шарасыздықтан жасалып отырған қадам екенін айтады.
Су тарифінен бөлек, бағбаншылық саяжайларға қызмет көрсететін 20-дан астам жұмысшы ұстайды. Олардың еңбекақысы биыл өскен.
Сондықтан негізгі тарифті ұлғайтпасқа амал қалмады дейді ол.
— «Водоканал» мекемесі су тарифін өсіріп жіберді. Саяжайлардағы су құбырлары әбден шіріп кеткен. Оларды ауыстыру үшін тарифті көтеріп жатырмыз дейді. Ал біздің бағбаншылықта бүгінде қаражат өте тапшы, тіпті үйіліп қалған қоқысты шығаруға ақша таппай отырмыз. Тұрғындар 1 маусымға дейін саяжайды пайдаланғаны үшін төлемдерін жүргізуі керек еді. Алайда олардың жартысы да тиісті соманы төлемеді, -дейді ол.
«Энтузиаст» бағбаншылығында 3500 жер телімі бар. Оның 1500-і ғана игерілген.
Тұрғындар тариф бұлайша қымбаттай берсе, бұл жерде адам қалмай қала ма деп қорқады.
Ал саяжайларды ұстап отырғандардың басым бөлігі зейнет жасындағы қала тұрғындары екені белгілі.
Саяжай ұстаушылар Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің мәселеге араласуын сұрап отыр.
Еске сала кеткейік, бұған дейін Павлодардағы иесіз саяжайларды тұрғылықты жері жоқ адамдар иеленіп алғанын хабарлаған едік