Павлодар түрмесінде шай арасына жасырылған ұялы телефон табылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – №46 мекеме қызметкерлері 6679 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп, тыйым салынған затты жеткізу әрекетінің жолын кесті.
– Түзеу мекемесіне әкелінген сәлемдемені тексеру барысында шай өнімдерінің арасына жасырылған қара түсті батырмалы ұялы телефон табылды. Телефон жұмыс істеп тұрған, SIM-картасы болмаған, – деп хабарлады өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен.
Аталған дерек бойынша сәлемдемені әкелген әйел адамға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 481-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған. Әкімшілік материал сотқа жолдануға дайындалып жатыр.
Мамандар түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды жеткізуге әрекет жасау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарда колонияға жіберілген шоколад ішінен ұялы телефон табылған еді.