Павлодар тұсындағы ұзындығы 12,5 шақырымды құрайтын көпір биыл пайдалануға беріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар тұсындағы ұзындығы 12,5 шақырымды құрайтын көпір биыл пайдалануға беріледі. Бүгін «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII Съезінде «Қазақатожолқұрылыс» ЖШС Солтүстік-Шығыс филиалының шебері Дмитрий Цурский осылай деді.
«Ең алдымен «Нұрлы жол» бағдарламасын енгізгеніңіз үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Біздер, жол саласының жұмысшылары үшін еңбек етуге барлық жағдай жасалған. Жалақымыз да лайықты, болашағымыз да зор. Қазіргі уақытта мен барлық нұрлыжолдықтар атынан Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы, Павлодар тұсындағы Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің таяу уақытта пайдалануға берілетіндігін баяндамақпын. Дәл осы көпірмен алғашқы машиналар осы жылдың ішінде өтетін болады», - деді ол.
Оның атап өтуінше, аталған көпір Орталық Азиядағы ең ұзын нысан болмақ. Оның ұзындығы 12,5 шақырымды құрайды.
«Біз әріптестерімізбен есептеп көрсек, «Нұрлы жол» аясында салынып жатқан жолдар мен көпірлердің жалпы ұзындығын қоссақ, Астанадан Лондонға дейін қиналмай жетуге болады екен»,- деді Д.Цурский.