Павлодарда 100-ге келген әжей жеке куәлігін жаңартты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Полицейлер Ертіс ауылында тұратын 100 жастағы тұрғынға жеке куәлігін арнайы апарып табыстаған. Тәртіп сақшылары мерейтой иесін құттықтап, оған зор денсаулық, амандық және ұзақ ғұмыр тіледі.

Павлодарда 100-ге келген әжей жеке куәлігін жаңартты
Фото: Павлодар облысы полиция департаменті

Евдокия Алексеевна бүгінде Ертіс ауданы орталығында тұрады. Ғасырлық жасқа толған әжейдің Халық қызмет көрсету орталығына өз бетінше баруы қиын болғандықтан, тәртіп сақшылары құжаттарды рәсімдеуді көшпелі түрде ұйымдастырды. 

– Полиция қызметкерлері дайын құжатты жеке тапсыру үшін Евдокия Безрукованың үйіне арнайы барды. Мұндай іс-шаралар мемлекеттік қызметтер көрсету және қарт азаматтарды қолдау жұмыстары аясында жүргізіледі. Аға буын өкілдеріне қамқорлық жасау – қызметіміздің маңызды бағыттарының бірі, - дейді Павлодар облысы көші-қон полициясының аға инспекторы Бақыт Ермекпаева.

Тәртіп сақшылары мерейтой иесін құттықтап, оған зор денсаулық, амандық және ұзақ ғұмыр тіледі.

Бұған дейін керекулік соғыс ардагері 100 жасқа толғанын жазғанбыз.