Павлодарда 1200-ден астам көпқабатты үй жылуға қосылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласында жылыту маусымы басталғалы әлеуметтік нысандар жылумен толықтай қамтылған. Көпқабатты тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жұмыстары да аяқталу кезеңінде.

жылыту маусымы
Фото: БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы

Қалада әлеуметтік нысандар мен жеке секторды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жұмыстары 14 қыркүйекте басталған. Қала әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта барлық әлеуметтік нысан жылумен қамтылған.

— Көпқабатты тұрғын үйлер мен жылу энергиясының өзге де тұтынушылары үшін жылыту маусымы 28 қыркүйекте басталды. Бүгінде Павлодардағы 1342 көпқабатты тұрғын үйдің 1202-сі жылу жүйесіне қосылды, — деп хабарлады қала әкімдігінен.

Қалған көпқабатты үйлерді жылу жүйесіне қосу жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жалғасып жатыр.

Еске сала кетейік, Павлодарда жылу жүйесіндегі апаттарды анықтайтын цифрлық жүйе енгізіліп жатыр.